Он сегіз мың ғаламды алты күнде-ақ жаратқан Алланың адам баласын жаратуында да бір сыр бар ғой. Адамның әлемі қашанда өзінің тылсым терең сырымен таң қалдырады. Осы ретте келгенде «Қабуснамада» келетін мына үзіндіде үлкен мән бар. «Адамдардың бірінші түрі біледі және білген сайын білгісі келеді, екінші түрі біледі, біле тұра білмеймін дейді, үшінші түрі білмейді және білгеннің тілін алмайды» демекші бәлкім, қаламгердің біле тұра, білмегенсіп, жұмбақтап, астарлап жазуында қаншама арман-мақсат жатыр десеңші.
Небір азапты күндерді бастан кешірген, тар жол, тайғақ кешуде де аяғынан шалыс баспаған, ұлтым деп боз інгендей боздаған өр тұлғалы халқымыздың тарихи соқпағы қандай бұралаң, қым-қуыт десеңші. Сол тарихыңды қызғыштай қорып, жаңғыртып, тірілтем деуші ұлт жанашырларыңның маңдайына тиер соққысы қаншама ауыр еді.
Ресейдің қазақ жерін толық отарлауы аяқталғаннан кейінгі озбырлық әрекеттердің өз шегінен шығып, ұлт наразылығының тууына ықпал етті. Бұл қазақ зиялы қауымының елінің ертеңі күніне қобалжуын тудырды, сырттан келген жұқпалы жауыздарға қарсы иммунитет іздеді. Бірақ оны ашық түрде айтуға империялық саясат қалай рұқсат беріп қойсын? Сол себептен де болу керек ішкі қарсылығын образдап, астарлап, ым-ишарамен, жұмбақтап жазуға мәжбүр болды. Өз замандастарынан білім-деңгейі жарты ғасыр алға жылжып кеткен, сырға толы, астарлы ойларын түсінуге сол кездегі халықтың қауқары жетпеді. Бұдан Мағжанның сиволизмінің құдіреттілігін сезуге болады.
Ұлттың ұйықтап қалған өлі денесіне қан жүгіртуге мәжбүр болған ақынның небір алпыс екі тамырыңды идіртер жұмбақ сырлары делебеңді қоздырып, намысыңды оятып, ойыңа от береді.
Кешегі Кеңестік дәуір қанша жерден тұншықтырғысы келсе де, кеудесін ыза, намыс дерті басқан ақынның небір қитұрқы саясаттың айла-шарғысын амал таба біліп, ел жұртын шынайы кешегісімен табыстыруға жұмбақ сырлары көп көмегін тигізді. Сондай жұмбақ сырға толы Мағжанның «Өтірік ертек» поэмасын оқымау, оны талдамау біздерге сын. Мақаламызда поэманың жасырар жұмбағын шеуге өзімізше тырысып көрдік.
«Өтірік ертек» поэмасы мысалға ұқсатып, символикалық тәсілмен жазылған. Поэманың әрбір жолы жұмбақ жасыратындай. Поэманың негізгі желісі мысықтар мен тышқандар арасындағы күрес түрінде жүріп өтеді. Поэманың басталуы ақынның ортаға жұмбақ тастауынан басталады. Жұмбағынан кейін Шираз атты қаланың кереметтігін суреттеп, сол қаладағы мысықтар мен тышқандардың сүріп жатқан өмірін суреттейді. Қалың тышқанның ханы шайтан суға мастанып, мысық деген ата жауына қалың елін қанатып, тонатып отырғанын ақын ұтымды жеткізеді. Ұтымды жеткізу үшін шығарманың пердесін жұмбақпен ашады. Ол жұмбағы:
«Бір дегенім білеу ғой,
Екі десем – егеу ғой,
Үш дегенім – үскі ғой,
Төрт дегенім – төсек қой,
Бес дегенім – бесік қой,
Алтыны – асық десіп қой.
Жетім – желке емес пе,
Сегізім – серке емес пе,
Тоғызым – торқа болмай ма?
Он дегенім – оймақ қой,
Он бір –қара жұмбақ қой.
Жұмбағым, балалар, ұнай ма?»
Бәлкім, осы Мағжанның жұмбағын былай шешіп көрсек қалай болар екен?
Тышқандар – қалың қазақ,
Тықандардың ханы – надан хан.
Мысық – шолақ белсенділер жән солақай саясат, отарлаушылар.
Ал енді он бір қара жұмбақты шешуді бастайық.
Бір дегенім білеу ғой,
Білеу сөзіне түсініктеме беріп кетсек.
Білеу
1) Шалғы орақ, қайрақ.
2) Жуан, жұмыр.
3) ауыс. мықты, басты, негізгі.
Сонымен қатар тілімізде білеуле деген етістік кездеседі. Ол етістіктің мағынасы мығымдап ұстау, бекемдеп ұстау дегенді білдіреді.
Бір деп білеуді алып отырғандағы ойы – Хан. Осы кезде ойымзға Абайдың «Единица болмаса, не болады өңкей нөл» деген өлең жолдары есімзге түседі. Сол единицаның, яғни ханның өзінің надандығынан өңкей тышқанның халі не болмақ деген ой тастайды. Тікелей айтқанда тышқанды қалың қазақ деп алсақ, сол қалың қазақтың ханының озбырлығы ақынның намысын қоздырады. Білеуді шалғы орақ ретінде беріп, ханның қазақты орып, жуандығымен тісін батырып отқанын білдіреді.
Екі десем – егеу ғой,
Егеу - еге етістігінің қимыл атауы.
1) Егеумен жону, өткірлеу
2) Тегістеу, жөндеу.
Екімізді егеу деп беруі – мысықтың бейнесін береді. Мысықтың халықты тонап, егеп, жонып отқанын көрсетеді. Тышқандарды жеп, олардың қанын сорып отыруы қазақ халқын білеудей ханымен қосылып алып егеп отырғандығын көрсетеді.
Үш дегенім – үскі ғой,
Үскі – негізінен ағашты тесетін біз деген мағынаны береді. Түбірі үскіден болған үскідей сын есімі де бар. Яғни, тура деген мағынада.
Үскіні ақынның тікелей өзіне салыстырсақ болады.
Қазақ тілінде «жүрегіме үскідей қадалды» деген тіркес бар. Осы тіркестің өзі үскі
сөзінің мағынасын ашып бере алады. Ақынның «жүрегіне үскідей қадалатыны» білеу мен егеудің іс-әрекеті (хан мен мысықтың). Ақын бізге: «мынау хан мен мысықтың бізді қанап, тонап, жонып отырғанының бәрі жүрегімен үскі боп қадалып жатыр» деп айтып жатқандай.
Төрт дегенім – төсек қой,
Төсек. Ақын төртте төсек деуі бекер емес. Төсегіңді жатқаның жарамас, ұйқыңнан оян да сілкін дегенге саяды. Ары қарай бесікті береді.
Бес дегенім – бесік қой,
Бесік. Қазақ халқында бесік деген ұғым өте киелі саналады. «Елі іші алтын бесік» тіркесінің өзі туған жерді, туған елді, ата-жұртты, атақонысты еске түсіреді. Яғни, бұл жерде ақын нағыз бесікті алып тұрған жоқ.
«Төсегіңде жату жарамас, одан да төсектен тұрып бесігіңді қорға» деп елді қорғау керек екендігін көрсетіп тұр.
Алтыны – асық десіп қой.
Асық – асығайық. Бестің жалғасы ретінде төсектен тұрып бесігіңді(атамекенді) сақтап қалуға асық, асығайық дегенге саяды.
Жетім – желке емес пе,
Желке. «жегенің желке, ішкенің ірің» болады деген қазақ ұғымында қарғыс мәнді сөз кездеседі, «Ау, қазағым-ау, асықпасаң көргенің қорлық, өмірің өксумен өтеді» деген ой тастайды. Алтыдағыдай асықпасақ не боларын көрсетеді. Яғни, желке боатындығын білдіреді. Жегеніміз желке бомас үшін сегізде шығар жолды көрсетеді.
Сегізім – серке емес пе,
Серке. Қазақта «қой бастаған серкедей» деген дана сөз бар. Ал қой адалдық, жуастық белгісі. Ал қазақ көп жағдайда «қойдан жуас» қалпын сақтауды» мақұл көрген қауым. Момын бұқараны, ақыл ойы сергек серкелер бастаған. Қойды теке бастамайды, олар лақ-шібішті қызықтап жүргенде табын қойдың апатқа ұшырауы сөзсіз. Табынды серке бастайды. Шығар жолымыз жегеніміз желке қылмас үшін ханды орнынан түсіріп оған серкені сайлайық дегенге саяды. Ақын сондығынан болу керек надан ханның орнына қалың жұртқа «қой бастаған серкелерді» іздейді. Жегеніміз желке, ішкеніміз ірің болмас үшін нағыз серкелерді тағайындау керекпіз. Сегізіміз серке болса, тоғызының не болатынын да көрсетеді. Яғни, халықты хан серкелер бастаса ғана тоғызмыз орындалады. Ал тоғызымызды, сіз, не деп ойлайсыз?
Тоғызым – торқа болмай ма?
Торқа. Торқа сөзіне неше түрлі анықтамалар берілген. Бірде жібек мата, бірде жұмсақ, жанға жайлы деген ұғымдарды береді.
Сегізім серке емес пе?
Тоғызым торқа болмай ма? - деген сұрақтың қойылуының өзінің астарында неше мән жатыр. Сегізіңді серке қылсаң ғана тоғызым сонда ғана торқа болмай ма дейді. Сондықтан да серкеміз сегіз болса тоғызымыз жанға жайлы болады дейді.
Қазақта «торқалы той, топрақты өлім» деген тіркес бар. Бір қуаныш, бір қайғы болса да ағайынның атсалысып, рулы ел болып, баталасып, сол қуаныш, қайғыны бірге атқару салты. Яғни, серкеміз таққа отырса барлық ел бірігіп, рулы ел болып, қандай жағдай болса да бір-біріне жаны ашитындығын көрсетеді. Серкеміз келсе сонда бізге торқа, яғни жанға жайлы болады, сонда ғана тыныш заман орнамақ деген ой тасатайды.
Қазақта «торқалы той, тұмар жүйрік» деген жақсы сөз кезедседі. Ұлан асыр той дегенеді білдіреді. Тағы да қайталап айтамыз, сегізіңіз серке болса, тоғызыңыз торқа болады. Халыққа жанашыр болар хан келсе ғана, басымыздан азапты күндер өтіп, жегеніміз желке, ішкеніміз ірің болмай-ақ жанға жайлы кезең болмақ, ұлан асыр тойымыз сонда ғана болмақ.
Он дегенім – оймақ қой,
Оймақ негізінен іс тіккенде ине кірмес үшін сұқ қолдың, не ортаң қолдың басына киетін құрал.
Тікелей алсақ сыртқы төніп келе жатқан жаулардан қолды оймақпен инеден қорғағандай, бізде өзімізді солай қорғайық. Оймақтай қорғану үшін не істеу керек екендігін ақынымыз қара жұмбақ қылып та беріпті.
Он бір –қара жұмбақ қой.
Қара жұмбақтың шешуі ретінде – бірлік ұғымын алар едік. Ондағыдай оймақтың қолды инеден қорғау, яғни қазақтың өз жері, елін қорғап қалуы үшін бізге бірлік керек дейді.
Жұмбағым, балалар, ұнай ма? Жұмбағының шешімін біз осылай шешіп көрдік.